«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз – мектепте басты тұлға болып табылады. Қай уақытта болмасын білімді де білікті, тәжірибесі мол ұстаздардың орны ерекше.
Абдиева Гүлзипа Қалмұрзаевна 1983 жылы 18 қарашада Үшқұдық ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Орта білімді туып-өскен жеріндегі №11 мектепте алды. Одан соң Науаи мемлекеттік педагогикалық институты шет тілдер факультетінің қазақ тілі және әдебиеті бөлімінде жоғары білім алып, өзі туып өскен ауылға мұғалім болып оралды. Еңбек жолын Мыңбұлақтағы №11 мектептен бастап, қазіргі таңда Үшқұдық ауданы орталығындағы білікті білім ордасы №9 мектепте еселі еңбек етіп келе жатыр.
Мектептің жаны – мұғалім, себебі, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар сапалы білім алып шығатыны баршаға аян. 2016 жылы шәкірті Камшат Жекеева, 2022 жылы Диана Жанахметова, 2023 жылы Айдынай Музафарова, Артур Әнуарбеков сынды шәкірттері қазақ тілі және әдебиеті пәнінен Үшқұдық аудандық, Науаи облыстық пән олимпиадасында топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
2020 жылы аудан көлемінде өткен "Менің анам - менің қаhарманым" эсселер байқауында, 2021 жылы аудан көлемінде өткен "Ең жақсы тұсаукесер (презентация)" сайысында жүлдегерлер қатарынан көрініп, І - орынға ие болды.
Жұмысында жетістікке жеткен Гүлзипа ұстаздың отбасы өзгелерге үлгі. Жары Абылайхан екеуі 3 перзентті тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Мирас Қазақстан Республикасы Астана қаласындағы іргелі оқу орнының студенті. Одан кейінгі перзенттері Арсен мен Марлен мектеп оқушылары.
Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін, сонымен қатар тілі мен ұлттық құндылықтарын санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы бағытта аянбай қызмет етіп жатқан Гүлзипа ұстаздың қызметіне толағай табыс тілейміз.