Балапан ұясынан ұшарынан,
Темірдің өткірлігі ұстасынан.
Жаһанда ғылым іздеп адам болу,
Шәкірттің білімдісі ұстазынан, -
деп Омар Хайям айтқандай шәкіртке білім беріп, адамшылық қасиетін қалыптастыру — мұғалім мойнындағы өте ауыр да жауапты жүк. Осы аталған жауапты жүкті ең бірінші арқалайтындар – мектептің ең негізгі іргетасы болып саналатын бастауыш сынып мұғалімдері. Кез-келген ғимараттың іргетасы мықты болмаса, оның құрылысының нашар да сапасыз болатыны рас. Міне, бастауыш сынып жоғарғы сыныпқа апарар іргетас болып саналады.
Бастауышта алған білім мықты болса, оқушылардың жоғарғы сыныпқа барғанда да алатын білімдері сапалы деген сөз. Осы іргетасты қалаушы бастауыш сынып мұғалімдерінің арқалап жүрген міндеттемелері мен жауапкершіліктері жоғарғы сыныпқа сабақ беретін мұғалімдерге қарағанда он есе ауыр десек артық айтпаймыз.
Осындай жауапкершілікті арқалаған ұстаздарымыздың бірі – Гүлбану Сатанова. Шалхар ауылындағы №12 мектептің табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сөйлеуді, жазуды, сызуды, оқуды, сурет салуды, өлең жаттауды, оң мен солын танытуды, қоғамға бейімделуді, еңбекке баулуды үйретуден әсте жалыққан емес. 1971 жылы 9 сәуірде Құлқұдық ауылында туылған Гүлбану Түрікпенбайқызы 1988 жылы №1- Абай атындағы орта мектепті бітірген соң Науаи педагогикалық училищеде 3 жыл білім алады. Алғашқы еңбек жолын №1- Абай атындағы орта мектептен бастаған мұғалім, бір жылдан соң отбасылық жағдайға байланысты Шалхар ауылындағы №12 -мектепте оқытушы болып орналасып, кәсібін әрі қарай жалғастырады.
2004-2007 жылдары білімін әрі қарай жетілдіріп, Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының бастауыш сыныптарға білім беру бағытын үлгілі бағалармен аяқтайды. Ұстаздық инемен құдық қазғандай демекші Г.Сатанова апайдың еңбектері еленіп, Үшқұдық ауданы әкімі, қалалық мектепке дейінгі және мектепке білім беру бөлімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталған. Табанды, қажырлы 1-категориялы мамандық иесі тәрбиелеген шәкірттер бүгінде елге елеулі, халыққа қызмет ететін азаматтарға айналған.
Бала бойына білім нәрін сеуіп, кеуделеріне адамдықтың дәнін себетін және білімнің бастауы бастауыштан басталатындығын ескертетін Гүлбану апайымыздың жұмыстарына толағай табыстар, отбасына амандық тілеймыз.