Ауған соғысы....Ауған жерінде жан кешкен өрендерді еріксіз ойға түсіретін жан жарасы. 10 жылға созылған соғыс - қазіргі аға буынның қайғылы естелігі, боздақтарынан айырылған отбасы қайғысы, із-түссіз кеткен жауынгер жақындарының үзілген үміті. Биыл Кеңестер Одағының әскерлері Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толады.
«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен бір дана қария. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымыз арамызда. Соның бірі бүгінгі кейіпкеріміз -Түлеков Сейітқазы Нұрғалиевич. С.Түлеков 1959 жылы 5 мамыр күні Тамды ауданына қарасты Керізбұлақ ауылында туылған. Жоғарғы білімді, мамандығы - инженер-механик.
1979 жылы 25 желтоқсанда Терміз қаласы арқылы Кеңес армиясы әскерлері қатарында алғаш рет Ауғанстанға соғысқа барған. Сейітқазы Нұрғалиұлы соғыста 40 армия, №108 мотострелковый дивизиясының 271-бөлім арнайы инженерлік-сапер батальоныда қызмет етеді. Ауғанстанның Құндыз, Қабул, Герат, Баграм қалаларында, тау етектерінде жауынгер ретінде қалтқысыз қызмет етеді.
Өтер жылдар, айлар тағы алыстап
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың
Ауғандағы азап шеккен арыстар, - деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміз соғыстан қайтқан соң Үшқұдықтағы өндірістік орын Солтүстік кен басқармасында 25 жыл еңбек етіп, 2019 жылы зейнетке шықты. Бейбіт өмірдегі жарқын істері, 2003 жылдан бері қоғамдық жұмысы «Қошқар ата» зиярат орнында шиықшылығы мен абаттандыру-көгалдандыру жұмыстарындағы белсенділіктері қатарластарына үлгі. Әйелі Жұбаева Лаззат бастауыш сыныпта сабақ беріп, Үшқұдық қаласындағы (бұрынғы №10 балабақшада) №1 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиеші болып, 2014 жылы пенсияға шығады. Ұлы - Рабат Нұрғалиев ГМЗ-3 да жұмыс істеп, үлкен қызы Мақпал мен кіші қызы Тойжан өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуде
– Соғыстың аты – соғыс, ол адамзатқа тек қасірет алып келетінімен белгілі. Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған ауған соғысы да талай ерлердің тағдырын оққа байлады, -дейді кейіпкерліміз. - Жат жерде соғысқан жауынгерлердің барлығы кебенек киіп аттанғанымен, мырыш табытпен елге оралғаны да аз емес. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды.Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды. Бұл соғыс әлі күнге дейін тарих беттерінен өзінің тиісті орнын ала алмай жүр.
Иә, өлгендер қайтып келмейді, бір-ақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.