Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын. Ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы десек те болады.
Осындай ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, талай шәкірттің сауатын ашып, талабын шыңдап, үлкен өмірге аттандырған ұстаз Тұрғанбаева Гүлістан Қалдыбайқызы ізденіс жолын бүгін біз мақалаға арқау етпекпіз.
Гүлістан Тұрғанбаева 1955 жылдың 15 мамырында Тамды ауданы «Жаңашаруа» кеңшарында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепке барып, үздік бағамен бітіреді. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі әдебиеті бөлімінде 1972-1977 жылдары оқып, институтты абыроймен аяқтайды. Жоғару оқу орнын бітірген Гүлістан Қалдыбайқызы өзі бітірген орта мектепте ұстаздық жолын бастайды. Отбасылық жағдайға байланысты екі жылдан соң Үшқұдық ауданындағы Шалқар ауылына келіп, № 7 мектепке, 1982 жылдан бастап Шохан Уәлиханов атындағы мектепте қазақ тілі әдебиет пән оқытушысы болып жұмыс істейді. 1981-2007 жыл аралығында ұлағатты ұстаз көптеген шәкірт тәрбиелеп, түрлі жарыстарда жүлделі орындарды иелеген. 1994 жыл «Халық ағарту үздігі» төсбелгісімен марапатталған Г.Тұрғанбаева 2007 жылы зейнетке шығады.
Гүлістан Қалдыбайқызы отбасында өнегелі келін, сүйікті жар және аяулы әже, қоғамдық өмірде де белсенді апа әрдайым ақ батасын беріп отырады. Жанұясында 4 перзентті тәрбиелеп, олардаған өрбіген 12 немере-шөбере сүйіп, бірлік пен берекенің ұйытқысы болып отыр.