Құмсағат ғұмырдың сынаптай сырғыған әр күнін шүкірлік айтып өткергенге не жетсін?! Топырағынан тектілік дарыған, тәрбиесінен тәңірін таныған батагөй бабалардай артқа қанағатшылдықпен қарайлап, өткен өмір, кешкен тірлікке риза кейіп танытар ондай жандар жетерлік. Олардың әр басқан қадамына, жүріп өткен белесіне зейінмен зер салсаңыз «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», деген татымды тіркес ойға еріксіз орала кетеді. Біздің пайымнан сыр суыртпақтар болсақ, бақытын еңбектен тапқандардың санатында Алибаев Нүркен Рзахмет ұлы бар екені даусыз.
Нүркен Рзахметұлы топырағынан талай тектіні түлеткен қасиетті Тамды ауданы жаңашаруа совхозында 1978 жылы өмірге келген. Қарапайым отбасында дүние есігін ашқан Нүркен 1985-1995 жылдар аралығында мектепте оқып, 1996 жылы Тамды ауданы кәсіптік техникалық училищенің дәнекерлеуші-жөндеуші мамандығы бойынша білім алып шығады.
2004 жылы Үшқұдық ауданына қоныс аударып, 2005 жылы механикалық жөндеу цехіне жұмысқа орналасады. 2011 жылы механикалық жөндеу цехі толық бір учаскені Геотехнология кені құрамына өткізеді. Нүркен Рзахметұлы сол учаскенің құрамында болып еңбек жолын Геотехнология кенінің бұрғылау құбырларына қызмет көрсету учаскесінде жалғастыруда.
-Аллаға шүкір жұбайым Мағрипа екеуміз айдай сұлу үш қыздың ата-анасымыз. Үшеуі де мектеп оқушылары, өмірлік жұбайым Мағрипа 2-медицина санитарлық бөлімі медбикесі. Міне Геотехнология кенінің 60 жылдығына орай 3-дәрежелі «Кончилик шухрати» көкірек нышанымен марапатталдым, - дейді Нүркен Рзахметұлы.
Талаптанған жанның қашан да шығар тауы биік. Талап пен еңбектің арқасында бүгінгі күнде ұжым алдында абырой-беделдің шыңынан көрініп, ауданда да үлкен сый-құрметке ие Нүркен Рзахметұлы.