Адам өмірін көркейтетін, оған мән-мағына мен мазмұн беретін, жақсы күнінде қуанышына шаттық қосатын, жаман күнде тірегі болатын ғажайып бұл - достық!
Ал халықтар арасындағы достық біреудің қалауымен емес, өмірлік қажеттіліктен туындайды. Әр ұлттың көршілес ұлттармен тату-тәтті өмір сүруі – әрі ұлттық, әрі жалпыадамзаттық құндылық.
Жаратушының өзі бізге көрші болу деген баға жетпес сый берді. «Аула алма, көрші ал!» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған. Ежелден бір жерде, бір күн астында, бір өзеннің суын ішіп келеміз. Біздің тамырымыз бір!
2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы және 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы деп белгіленгені – біздің ортақ тарихымыз бен ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан бай мәдени мұрасымен дәлелденген халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстардың жарқын көрінісі.
– Екі бауырлас халықтың достығы нығая берсін!, – дейді аудандық қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Қайырбай Дінбаев. – Себебі шуақты елде іргелес жатқан бұл екі елді «ауылы аралас, қой аралас!» деп бекер айтпаған.
- «Өзбек пен қазақ халқының мәдени қарым-қатынасы ежелден дамып келеді, салт-дәстүрдің ортақтығы бұл қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет етеді», - дейді аудандық «Көкаяз» ауыл азаматтар жиыны әкім жәрдемшісі Ерхан Қоспанов. – Өзара қарым-қатынасымыздың одан әрі жақсарып келе жатқаны, екі ел арасындағы жақын көршілік қатынастың тағы бір белеске көтерілгендігі, ілгерілеуге бірге қадам басып келе жатқаны көзді қуантады.
Жоғарыдағы ойымызды жалғастыратын болсақ, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын мерекелеу аясында көптеген іс-шаралар мен конференциялар өтті. Елбасының қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттауға бағытталған шешімі – соның бірі.
Қаулыны жүзеге асыру аясында өзбекстандық оқушылар арасында «Абай шығармашылығының білгірі» атты эссе байқауы өткізіліп, ауданындағы 9-санды мектептің түлегі Гүлперизат Қонарбаева бірінші орынды жеңіп алды.
Расында да, өзбек пен қазақ халықтары ежелден қандас болып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары ұқсас, бір шаңырақтың астында жасап келеді. Бүгін біз ата-баба дәстүрін жалғастырудамыз! Жалғастырып қана қоймай, бізді бірлестіріп тұрған бұл дәстүрлер одан әрі байып, дамып келеді!
Райхан Қадірова,
журналист.