Елімізде ерен еңбегімен танылып, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Олар әр салада тер төгіп, тіпті бүтін бір әулетімен белгілі бір қызметтің биігінен табылып жатады. Ауданымыздағы 3-санды гидрометаллугия заводының 30 жылдығына орай осы салада аянбай еңбек етіп келе жатқан жандармен газеттің әр санында таныстырып келе жатырмыз. Бұл санында да жас болуына қарамай өз саласының білгірі болған Нұрғалиев Алмас Советұлымен жақын танысамыз.
Алмас Нұрғалиев 1993 жылы 1 наурызда Мыңбұлақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Мықты түлектерімен әйгілі 11-санды мектепті жақсы бағалармен тәмамдап, 2009 жылы аудандағы тау-кен коллежіне оқуға түседі. 2012 жылы оқуды бітіріп, ауданымыздағы 3-санды гидрометаллугия заводының BIOX цехінде электр жабдықтарын жөндеуші болып қызмет жолын бастайды. Осы жылдар аралығында сатылап өсті, Қахрамон Тилавов, Фахриддин Жабборов, Икром Тулаев сынды ұстаздардан бағыт-бағдар алып, саланың мықты маманына айналды.
Өнегелі еңбегі, тындырымды ісі және қарапайым да парасатты мінезімен ұжымының ортасында үлкен абырой-беделге ие болған Алмас Нұрғалиев өмірлік жары Амина Таменовамен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке.
-Мен үшін тапсырманы жылдам әрі сапалы орындау аса маңызды. Бұл алдыңғы буын ұстаздарымнан қалыптасқан ең жақсы қасиетім деп білемін. Өзім де жылдар бойы жиғанымды жастармен бөлісуге тырысамын. Еңбек етіп, елге пайда тигізу әр адамның парызы. Мен қызметі республикаға аты әйгілі ГМЗ-3 секілді тарихы мен қойнауы бай кен орнымен байланысты болған бақытты тұлғамын, – дейді Алмас Советұлы.
Адал еңбегімен елге сыйлы, ауыр салалардың бірінде еңбек етіп келе жатқан алдыңғы буынға жақсы іні, кейінгі толқынға ақылшы ұстаз болып жүрген Алмас Советұлына біз зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, талмас талап, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз.
Еңбегі елене берсін!
Мөлдір Бүркітбаева, тілші.