“Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға” деп дана ақын Абай ұлы кәсіп иелерін жоғары дәріптеген. Баланың болашағына алаңдап, бағыт-бағдар беретін ұстаздар қауымы қашанда мың мақтауға лайық, зор құрметке ие. Ұстаздар сонымен қатар болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.
Таяуда мектебіміздің қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Жүнісов Алмат Опабекұлының қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегі, шәкірттерге берген терең тәлім-тәрбиесі, жоғарғы жетістіктері бағаланып, “Халыққа білім беру ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Алмат мектебіміздегі беделді де білікті ұстаздардың бірегейі. Әр жылы дәстүрлі түрде өтетін Пән олимпиадасының аудандық, облыстық басқыштарынан дайындаған шәкірттері топ жарып келеді. Оқушыларын Республикалық басқышқа дейін шығарып, еселі еңбек етіп келуде. Өз ісінің нағыз шебері. Осы жылы да қос шәкірті Пердебеков Нұрсұлтан мен Жамаладинова Альбиналарға қазақ тілі пәні бойынша республикалық басқышқа жолдама алып бергені - ұстаз еңбегінің айқын дәлелі. Ұлағатты ұстазды лайықты марапатымен ұжымымыз атынан шынайы жүректен құттықтай отырып, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары мен абыройлы істеріне толымды табыс тілейміз!
РОЗА ЖУСИПБЕКОВА
9-мектеп директоры