Мейірім мен жылылыққа толы жанұясы мен қарбалас қызметін ұштастыра білген Марита Ментурова ГМЗ-3 өндіріс орнында химиялық анализ зертханасының лаборанты. Марита Калымқызы осы жұмыста табан аудармастан 15 жыл еңбек еткен адал жар, ардақты ана, ұжымға сыйлы әріптес, екі немеренің ардақты әжесі.
Қызметіне жауапты, өз ісінің шебері М.Ментурова 1969 жылы Жүзқұдық ауылында туылған. Отбасында 10 перзент ішінде тәрбиеленген бауырмал кейіпкеріміз 7 қыз бен 3 ұлдан тұратын ағайынды. Мектепті бітірген соң Ташкент педагогикалық техникумын аяқтаған Марита Қалымқызы №3 бала бақшада тәрбиеші 20 жылдан астам уақыт бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беру сынды жауапты іске сүбелі үлесін қосты.
Кейінгі жас буынға көрген-түйгенін үйретіп, жұмыстағы тәжірибесімен бөлісуді Марита Ментурова өзінің парызы санайды.
– Бұдан бірнеше жыл бұрын маман боп келгенімізде жұмыстағы лобарант мамандар бізге жұмысты ерінбей үйретті. Бүгінгі жастар сауатты ғой, айтқаныңды лезде қағып алады. Тек ынтасы мен жауапкершілігі арта түссе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кейіпкеріміз.
Болмысынан ақжарқын, кішіге қамқор жанның қызметтік жылдары шәкірт дайындап, Дилшода Халмуратова, Дилдора Нармуратова сынды әріптестеріне зерттеу жасаудық қыз-сырларын меңгерткен. Қазіргі жаңа технология мен тұрмыстың түзелуі қызметіне оң серпін беруде деп айтады кейіпкеріміз. Бүгінде шәкірті Дилшода Халмуратова ГМЗ-3 өндіріс орны химиялық анализ зертханасының басшысы.
Иә, санамалай берсек, бүгінгі кейіпкер Марита Ментурова жөнінде ұзақ айтуға болады. Отбасының бабын тауып, кәсібін де бір кісідей атқарып жүрген жандардың ісі көпке үлгі боларлықтай. Бір жыл алдын зейнетке шықса да, іскер апа жұмысын қоса атқарып жүр.
Әйелге тән ізгі қасиеттерді бойынан жоғалтпай, айналасына жан жылулығын сыйлай білген Ментурова Марита Қалымқызы шын мәнінде бақытқа кенелуде. Әйел, ана бақыты дегеніміз осы-ау бәлкім?!