Халқымызда «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Әйелдің жүгі мен жауапкершілігін, шыдамдылығы мен еңбекқорлығын, оның осы қасиеттері үшін берілетін дәрежесі мен марапаты қасиетті Құран Кәрімде жазылған. Зымырап жатқан уақыттың 24 сағатында жұмысқа да барып, үйдің тірлігін де жасап, ағайын- туыспен де араласып, балалары мен жарының бабын тауып, қосымша жұмыстарға да үлгеріп жүретін оларды сонда да нәзік жанды деп атайды.
Әйел адамның болмысы әуелден жан-жақты боп жаратылған. Отбасында әр әйел өзі аспаз, өзі тігінші, өзі тазалықшы, өзі пси¬холог, өзі педагог, өзі дизайнер. Бұл оларға арнайы оқусыз, дипломсыз тәрбие деген түпқазықтан дарыған қабілет. Сондай бір ел сүйсініп, құрметтеп, үлгі тұтатын отбасының отанасы, ардақты ана, білікті ұстаз, мейірімді әже Раушан Мешітбайқызын ауданымызда білмейтін жан кемде-кем.
1964 жылы 17 қыркүйекте Мыңбұлақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі мал шаруашылығында заманының тала¬бына сай еңбек етіп, өмір сүрген жан. Раушан Мешітбайқызы ауылдағы Ушинский мектебін 10 жыл оқып, 1982 жылы бітіреді. 1982-1985 жылдар аралығында жәрдемші шопан болып еңбекке ерте араласып, 1985 жылы Ақмырза ағамен отбасын құрады. Тағдыр тауқыметімен Ақмырза аға 1990 жылы о дүниелік болып, Раушан Мешітбайқызының мойнына үлкен жүк түседі. Еңбек жолын ауылдағы 3-санды балабақшада тәрбиеші болып бастап, 1992-1994 жылдар аралағында Науайы қаласындағы педагогика коллежінде оқиды. 1994 жылдан бастап 11-санды мектепте 28 жыл бойы ұстаздық еткен Раушан Мешітбайқызы қызіргі күнде зейнеттік демалыста.
Отбасындағы жылулық, жанұя бақыты, ата-ана тәрбиесі мен өнегесі, Раушан Мешітбайқызының перзенттері Бекбол мен Бекарысқа өмірлік азық, ұстаным болып қалғандай. Үлкен ұлы Бекбол 11-санды мектепте шаруашылық бөлімі меңгерушісі, келіні балабақшада медбике, ал кіші ұлы Бекарыс «Мыңбұлақ» ауыл азаматтар жиыны төрағасы, келіншегі 11-санды мектепте бастауыш сынып оқытушысы болып қызмет атқарады.
Жуырда Раушан Нұртаеваның көп жылдық педагогтік еңбектері еленіп, облыс әкімінің шақыртуымен 8 наурыз – Халықаралық әйел-қыздар мерекесі қарсаңында «Мутабар аёл» көкірек нышанымен марапатталды.
Ата-ананың бойындағы тәлім-тәрбие, еңбекқорлық пен адалдық, білімге, ғылымға деген құштарлық балаларына дарып, бұл отбасында бақ пен береке орнаған. Олардың әр жетістігіне ана жүрегі қуанып ризашылық білдіріп отырады. Өмір жолында мансап пен міндетті, қызмет пен отбасын қатар алып жүріп, бірде құлап, бірде сүрінсе де қарапайым, байсалды қалпынан таймайтын, қайсар, ақылды, дана әйел, танысқан әрбір жанның жүрегіне жылы шуақ төгетін Раушан Мешітбайқызының өмір белестері осындай.