Душанба-Жума: 09:00-18:00,
    (0-436) 593-11-03,    uchquduq@nv.uz

       

БАЗАРБАЙ АТАНЫ ТЫҢДАСАҚ

Асқар тау - әкеден ерте айырылған Базарбай ата 12-13 жасынан-ақ еңбек майданының бел ортасына білек сыбана кірді. Қаршадай бала үлкендермен қатар жүріп еңбек етуге, әкенің орнын басып отбасы мүшелерінің тірегі болуға тиіс те міндетті еді. Бұл уақыт тарихтан бәрімізге белгілі ел еңсесін түсірген, Жер бетіне өшпес жара салған Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанып, дүниенің астан-кестеңі шыққан ауыр жылдар еді. Ер азаматтардың барлығы майданға аттанды. Ендігі жерде әйел-қыздарға, әсіресе жасөспірім бозбалаларға еңбек майданында бар қайратын салып еселеп еңбек етуге тура келді.

Сұрапыл жылдар жайында айта келіп: – Сол соғысқа, фашизмнің күлін көкке суыруға Әйтімнен 37 өрен аттанды. Сондағы халықтың күңіренгені, жалғызын екіталай өмірге шығарып салып қан жұтқан ата-ананың, дос-жардың уайымы, аш-жалаңаш күндер әлі көз алдымда.- дейді, қиын-қыстау жылдар куәгері Базарбай ата. – Соғыс басталғанда мен 12 жасар бала едім. Соның кесірінен, жоқшылықтан, адамдар не көрмеді, не жемеді дейсің? Соның бәріне біздер куәмыз. Әйтімнен қан майданға кеткен өрімдей жастардың оншақтысы ғана елге оралды. Олардың арасында менің әкем жоқ болып шықты. Аласапыран, ойран күндер адам баласының басына енді қайтып келмесін. Жаратқаннан тілейтінім тыныштық, бүгінгідей бейбіт тұрмыс қана.

Осындай өмірді көріп есейген Базарбай Құлқаев әдепкіде бұрынғы «Жастар» колхозында, кейін Жүзқұдық ауылында бас-аяғы 56 жыл үзбестен, 1995 жылға дейін шаруашылықта қоғамның малын бағып зейнетке шыққан.

-Жұбайым, марқұм Кеңескүл Каттабосыновамен шаңырақ көтеріп 55 жыл тату-тәтті өмір сүрдім. Күн-түн демей еңбектендік. 6 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, үйлі-жайлы еттік. Бүгінде олардың барлығы да халық шаруашылығының түрлі саласында аянбай жұмыс істеп, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне шама-шарқынша пайда келтіруде. Олардан 21 немере, 29 шөберем бар. Еңбегіміз еленді, жемісін берді. Біріміз Ардақты ана атансақ, біріміз Қажырлы еңбек иесі атандық. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен де наградталдым. Әрдайым аудан басшыларының назарындамын, шынайы құрметке бөленіп келудемін. Бүгінгі абат заманның, балаларымның қызығын көріп марқайып жүрмін. Алла аманатын бүгін алса да ризамын, - дейді – Базарбай ата.

Иә, Базарбай атада бүгінгі жастарға ой салып сабақ болатын мазмұнды әңгімелер көп. Қазыналы қарияда өлкеміздің топонимикасына қатысты білім де, жастық шағында жаттап өскен өсиетті өлең-жырлар да аз емес. Еңбекпен есейген қария, осы күнде 89 жастың үстінде тұрған еңбек майданының ардагері - Базарбай ата Құлқаев тап осы шақта да тыңдаушысын жалықтырмайды. Әңгімені тартымды баяндап, Базар жыраудың жырларын төгілте айтып, сұхбаттасын баурап алады.

Біз соғыс артындағы-еңбек майданындағы тар тұрмысты бастан өткізіп, жігерін жасытпай еселі еңбек етіп бүгінге жеткен қазыналы қарияны алда келе жатқан Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 73 жылдығымен шынайы құттықтаймыз. Еңбек майданы майталманына мықты денсаулық, отбасына бақ-береке тілейміз!

Агарда Сиз мақолада хатони учратган бўлсангиз, унда матнни белгилаб, (CTRL + ENTER) клавишасини босиб, веб-сайт маъмурига хабарнома жўнатинг.

Мавзуга доир бошқа ўхшаш маълумотлар: