Душанба-Жума: 09:00-18:00,
    (0-436) 593-11-03,    uchquduq@nv.uz

       

Ғибратты ғұмыр

  «Қарты бардың – қазынасы бар» – дейді дана халқымыз. Көп жасағанның бәрі қазына болып, үлгі-өнеге көрсетіп, айналасына ақылшы болып отырған адамдар бұл күнде санаулы. Тағылымы мен парасатын танытатын, айналасына мейірім шуағын шашып, жан-жағына жылылық танытып жүретін қарттарымыздың қатары күн артқан сайын сиреп бара жатқаны өкінішті. Ал сол аздың ішінде ғұмыры оқу-ағарту саласында өтіп, саналы өмірі ұрпақ тәрбиесі мен білім беру жолына арнаған, ата-әжелеріміздің орны ерекше құрметке лайықты. Ендеше, сондай жандардың бірі – Шәрігүл Рыстықұлова.

  Тауелібайға белгілі ұстаздар болған, Қ.Дінбаев, Айхожаев, Ж.Қоржынбаев, Б.Ералиев, Б.Мұратов, М.Донасов секілді Қызылқұмға белгілі азаматтарды тәрбиелеген Абдикаримов Сахи атамыз бен оның өмірлік жолдасы болған Рыстықұлова Шәрігүл әжеміз 1960 жылы Ташкент қаласындағы «Низами» атындағы педагогикалық институтын бітіреді. Атамыз тілші, әжеміз математик болып елге оралып, содан бастап оқытушылық қызметін атқара бастайды. Ұзақ жылдық еңбектері орынды бағаланып, 40 жылға жуық мектеп директоры болған атамыз «Үлгілі тәлімгер», сонша жыл мүғалім болған әжеміз «Құрмет белгісі» көкірек нышанымен марапатталады.

  Жоғары оқуды бітірген жылы тұрмыс құрып, Молдабек, Сражаддин деген екі ұл перзент сүйеді. Жанұяның беріктілігі мен мен берекелігі сонда, тағдыр тәлкегіне байланысты Сахи атамыз ағасы Сәдуахастың да 8 перзентін қолына алып тәрбиелейді.

  - Алғашында Құлқұдықта мұғалімдік қызметті бастадық, - дейді Шәрігүл әжеміз жастық шағын есіне алып. – Содан, Мыңбұлақта 10 жылдық мектеп ашылып, сол жерге барып қызметті жалғастырдық. Адам жастығында қайрат жасап жұмыс істеп қалуы керек, қартайғасын біз секілді ешнәрсеге жарамай отырасыңдар! – деп әзіл аралас ақылын айтты. Бірақ берер ақылын, сөйлер сөзін, айтар тәрбиесін көріп әжеміздің «қартайып жарамсыз болдық» деген сөзіне мүлдем қарсы екенімді айттым.

  Ата-әжеміз өз балаларынан 7 немере, 8 шөбере сүйеді.

  Ғұламалардан қалған «Білім – ақылдың көркі» деген қасиетті сөз бар. Осы сөздің төркініне тереңірек үңілер болсақ, адам өз өмірін саналы өткізу үшін, тек білімге сүйену керек. Білімді адам өз өмірін тынымсыз еңбекпен ұштастырғанда ғана өзгеге үлгі, айналасына өнеге беріп, биік парасат пайымын таныта алар. Міне, осындай ұлы сапарын – өмір жолын ғибратты іске арнаған, жаны таза, жүрегі ақ, мейірімді жанның еткен еңбегінің, өткен өмірінің зая кетпегенінің куәсіміз. Кісілік келбетімен, ақылымен айналасына мейірім шуағын шашып, парасаттылықтың биігінен өз орнын лайықты алған Шәрігүл әжеге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Агарда Сиз мақолада хатони учратган бўлсангиз, унда матнни белгилаб, (CTRL + ENTER) клавишасини босиб, веб-сайт маъмурига хабарнома жўнатинг.

Мавзуга доир бошқа ўхшаш маълумотлар: